Архив тарихы

Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағат қызметінің тарихы 1923 жылдан басталады.

«Қазақ автономиялы Кеңестік Республикасы губерниялық мұрағат бюролары туралы» 1923 жылғы 26 сәуірдегі Ережеге сәйкес, Ақмола губерниялық атқару комитетінің 1923 жылдың 18 қазандағы қаулысы бойынша Петропавл қаласында Ақмола облыстық мұрағат бюросы құрылды. Оның міндеті – мекемелерде, ұйымдар мен кәсіпорындарда жатқан құжаттарды жинап, сақтап, тарихи-ғылыми, үгіт-насихат және анықтама мақсаттарында пайдалану болып табылады деп көрсетілді. Мұрағат бюросына сақтауға алғашқы түскендері – жергілікті өкімет билігі органдарының қоры ретінде губерниялық ұйымдар мен мекемелердің, әкімшілік басқару және бақылау, әскери мекемелердің, сот пен прокуратураның құжаттары болатын.

Жиырмасыншы жылдары мұрағаттар аса ауыр жағдайда еді. Қағаз жетімсіздігінен көптеген құнды құжаттар жоғалып кетті. Ақтар мен қызылдардың айқасы азамат соғысына ұласып, тарих үшін бағалы маңызы бар дерек көздеріне зор нұқсан келді.

Осындай қысылтаяң шақта губерния билігі мұрағат жағдайын түзетіп, бұл жұмысты жөнге қоюға бағытталған маңызды нұсқаулар қабылдады. Олар: «Петропавл қаласындағы мемлекеттік және кооперативтік ұйымдардың мұрағаттарын ретке келтіріп, губерниялық мұрағат бюросына тапсыру туралы» 18.10.1923 ж., «Ақмола губерниясы аумағында 1918 жылға дейін болған зауыт-фабрикалардың, кеніштердің, банктер мен басқа да кәсіпорындардың материалдарын есепке алып, губерниялық мұрағатқа тапсыру туралы» 19.06.1925 ж. қаулылар еді.

1925 жылы мұрағат бюросы Петропавл қаласының шаруашылық жағдайы туралы материалдарды іріктеп, шолу жасады. Нәтижесінде «Мир труда» газеті редакциясының күшімен жинақ басылып шықты.

«1917-1921 жылдардың мұрағат материалдарын губерниялық мұрағатқа өткізу туралы» 1926 жылы қабылданған және «Тарихи-төңкерістік маңызы бар негативтер мен фотосуреттерді есепке алу туралы» 1927 жылы қабылданған қаулыларға байланысты материалдар мұрағатқа жүйелі түрде түсе бастады. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру үшін Петропавлда және уездік Ақмола, Атбасар, Көкшетау қалаларында сараптау комиссиялары құрылды.

Мұрағат қызметкерлері азамат соғысы, аштық пен күйреген шаруашылық жағдайының өзінде жанкештілікпен жұмыс істеп, ұрпақтарға керек көптеген құжаттық материалдарды жинап, жүйеге келтіріп, сақтап қалды.

1926 жылы Ақмола губерниясына қатысты Омбыда сақталған құжаттар қайтарыла бастады. Бұл жөнінде губерниялық мұрағат бөлімінің меңгерушісі РКФСР Орталық мұрағатына хат жазып, өлкемізге қатысты барлық деректерді сұратты. Мәселе толық шешілгенше, губерния жұртшылығы өкілдерінің 1916 жылғы көтеріліске қатысқаны туралы 1913-1919 жылдарды қамтитын 19 құжат Орталық мұрағаттың рұқсатымен уақытша пайдалануға алынды.

1928 жылы Петропавл округінің құрылуына байланысты округтік мұрағат бюросы ұйымдастырылды. Қазақстанның дамуы мен төңкеріс қозғалысының тарихын құжаттық деректер негізінде зерттеудің маңызын және жергілікті мұрағат мекемелерінің мүшкіл халін (қойма ғимараттарының қолайсыздығы, ғылым қажетіне пайдаланудың жетімсіздігі, арнайы мамандардың аздығы) еске ала отырып және округтердің таратылуына байланысты ҚАССР ОАК Төралқасы 1931 жылдан бастап, Қазақстанның бірнеше қаласында Орталық мұрағат басқармасының бөлімшелерін ашуды жөн деп тапты. Бұл бөлімшелерге Қазақстанның тарихын, шаруашылығы мен тұрмысын бейнелейтін жазба деректерді, картографиялық, иллюстрациялық және басқа да мұрағат құжаттарын жинап, пайдалану жүктелді. Петропавл бөлімшесіне аудандық мұрағаттардың қызметін бақылап, нұсқау-көмек беріп отыру жүктелді. Және де осы бөлімшеге бұрынғы Петропавл, Ақмола және Қостанай округтерінің мұрағаттары жинаған барлық материал берілді.

1932 жылы Қарағанды облысы құрылып, орталығы Петропавл қаласы болып белгіленген соң, Қазақстан Орталық мұрағатының Петропавл бөлімшесі Орталық мұрағаттың Қарағанды облыстық бөлімшесі болып қайта құрылды. Ол кезде республикадағы облыстық алты мұрағаттың ішінде Ақтөбе және Қарағанды облыстық мұрағаттарының ғана арнайы бейімделген ғимараттары болған, бірақ олардың да бірде-біреуі электр желісіне қосылмаған еді.

1933 жылы Қарағанды облыстық мұрағат басқармасы Қарағанды облысы аумағында кен орындары туралы мағлұматы бар мұрағат құжаттарын іздестіре бастады. Табылған деректер Қазақ КСР ОММ 1933 жылы басып шығарған «Қазақстанның мұрағат байлығы» деген анықтамалыққа енгізілді.
1934 жылы КСРО Ғылым академиясының тапсырмасы бойынша «Кеңес өкіметінің алғашқы қадамдары» деген жинаққа арнап 214 құжаттың көшірмесі жіберілді.

1936 жылғы 29 шілдеде Қарағанды облысы екіге бөлініп, орталығы Петропавл болған Солтүстік Қазақстан және орталығы Қарағанды болып белгілеген Қарағанды облыстары құрылды. Бұдан кейін 1939 жылы Ақмола, 1944 жылы Көкшетау облыстары бөлініп шығуына байланысты, тиісінше бірқатар аудандық мұрағаттар соларға берілді.

1938 жылы Қазақстандағы мұрағат жүйесі түгелдей Ішкі істер Халкомына көшірілуіне байланысты, 1939 жылдың 14 мамырында Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағаты да берілді. Мемлекеттік мұрағат қорлары туралы жаңа 1941 жылғы 29 наурызда қабылданған №723 Ережеге сәйкес елдегі мұрағат жүйесі қайта құрылып, СҚО УНКВД мұрағат бөлімшесі және Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағаты болып ұйымдастырылды.

1940-1941 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатында «Қазақ КСР-ның құрылуы және қазақтардың 1916 жылғы көтерілісі» тақырыбына құжаттар зерттеліп, олар 1947 жылы Қазақ КСР ІІМ мұрағат басқармасы шығарған құжаттар жинағына енгізілді.

Ұлы Отан соғыс кезінде мұрағат қызметкерлерінің жауапкершілігі арта түсті. Елдегі қиыншылық мұрағатшылардың басына да төнді. Отынның аздығы, қағаздың жетіспеуіне қарамастан, қызметкерлер мұрағат байлығын сақтап қалды. Үкіметтің 1941 жылғы шілдедегі арнайы қаулысына сәйкес, орталық аймақтардағы мұрағат қорлары Қазақстанға көшіріле бастады. Біздің облысқа ресейлік 15 мекеменің мұрағаты жеткізіліп, сақталды, жау қолынан азат етілгеннен кейін бұл мұрағаттар қайтарылды.

Соғыс жылдары облыста мұрағат бөлімі, облмеммұрағат және аудандық 11 мұрағат болды. 1944 жылы облыс орталығындағы мекемелер мен ұйымдардың, кәсіпорындардың саны 269 болса, солардың 261-і облыстық мұрағаттың есебіне алынды. Мемлекеттік мұрағат қызметкерлері мекемелер мени ұйымдарға барып, мұрағат ісі жөнінде нұсқау-түсінік беретін, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізетін. Айталық, 1945 жылдың өзінде облыстық мұрағаттың 983 қорында 68465 іс сақталды, 347 қордың тізбесі жасалды, 1946 жылы қор саны 11259-ға, істер 77329-ға жетіп, 554 қордың тізбесі жасалды.

Қор толықтыру жұмысымен қатар, бөлініп шыққан мұрағат мекемелеріне, Республиканың Орталық мемлекеттік мұрағатына көптеген құжаттар жөнелтіліп жатты. Мұның өзі қыруар еңбек пен шығынды қажет ететіні түсінікті.

1956 жылдан бастап, облыстық газеттердің редакцияларынан фотоқұжаттар жинау басталып, облыстық мұрағатқа 57 негатив қабылданды.

КCРО үкіметінің 02.09.1945ж. 13092 санды жарлығына сәйкес, елдегі мұрағат мекемелері ғылыми-зерттеу мекемелері санатына жатқызылуы мұрағатшылардың дәрежесін көтеріп, жауапкершілігін арттырды. Ресми түрде ғылыми мекемелер қатарына қосылған мұрағат қызметкерлері өз мекемелерін шын мәніндегі ғылыми-зерттеу орындарына айналдыру жөнінде көп іс тындырды. Сол кезеңде, айталық, облыс мұрағатшылары 1917-1940 жылдар аралығындағы «Қазақстанның солтүстігіндегі су шаруашылығы» және «Солтүстік Қазақстанда мал шаруашылығын өркендету» деген тақырыпта халық шаруашылығы мақсатында құжаттарды зерттеді. Бұл жолда 21 қор тексеріліп, 118 тақырыптық карточка толтырылды. «Қазақстанның солтүстігіндегі су шаруашылығы» тақырыбы бойынша карточкалардың негізінде тақырыптық тізбе жасалып, Солтүстік Қазақстан облысының тиісті мекемелеріне, Ақмола, Көкшетау, Қостанай облыстарының мұрағаттарына, Қазақ КСР-ның мұрағат басқармасы мен КСРО мұрағаттар Бас басқармасына жөнелтілді. Осы тізбелер бойынша Орталық мұрағат басқармасы екі істі арнайы сұратып алдырып, ғылым мақсатында пайдалану үшін КСРО ҒА су шаруашылығы секциясына берді.

Кеңес заманында ғылым мен өндірістің әрбір саласында бәсекелестікті дамыту үшін түрлі жарыстар өткізіліп, бәйге жарияланатын. Мысалы, 1943 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының ұжымы Семейлік әріптестерімен «социалистік жарыс» деп аталатын шартқа қол қойды. 1949 жылы Алматы облыстық мұрағатымен жарысқа түсіп, жеңімпаз атандық және сол жылы солтүстікқазақстандықтар республика бойынша бірінші орынды жеңіп алды.

Қазақстан үкіметінің 1960 жылғы 17 маусымдағы және облыстық атқару комитетінің сол жылғы 28 шілдедегі шешімдері бойынша облыстық ішкі істер басқармасының мұрағат бөлімі Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің жанындағы мұрағат бөлімі болып қайта құрылды.
Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің 1963 жылғы 17 шілдедегі 306-санды шешімімен барлық аудандық мұрағаттар жойылып, Боголюбов селосынан Мәуліт, Преснов, Сергеев және Тимирязев аудандарын қамтитын мұрағат филиалы бөлімі құрылды.

1966 жылдан бастап, жеке тұлғалардың мұрағаттары қабылдана бастады. Алғашқылардың бірі болып, 1919 жылы Петропавлда жастардың астыртын ұйымын құрған А.К. Бочаговтың жеке қоры құрылды.

1965-1966 жылдардың 16 айында мұрағатшылар аудандарға 100 рет шығып келді. Облыстық және аудандық баспасөз бетінде мұрағаттардың маңызы мен құжаттарды сақтай білудің жөн-жосығы жөнінде облыс мұрағат қызметкерлер жазған мақалалар жиірек көріне бастады. Мысалы, «Мұрағатты сақтаңыздар», «Құжаттар сөйлейді», «Мұрағаттар көрмесі», «Маңызды шаралар» деген бас тақырыптардың өзі-ақ, қалың жұртшылықты мұрағат ісіне құрметпен қарауға шақырып тұратын.
Облыстық мемлекеттік мұрағат қорларын толықтыруға 1965 жылы 8 адамнан құралған шаруашылық есептегі топ бірқатар көмек берді. Осы топтың қажыр-қайратының арқасында, 1966 жылдың өзінде 8980 іс өңделіп, 5780 іс облыстық мемлекеттік мұрағатқа тұрақты сақтауға тапсыру үшін әзірленді. Анытамалық сипаттағы 3200 іс тиісті ұйымдардың өздерінде сақтауға қалдырылды да, 5833 іс жойылды.

1969 жылы 10 техникалық мұрағат есепке алынып, олардан ғылыми-техникалық құжатнамалар қалыптасты.

Облыстық партия комитетінің шешімімен 1941 жылы осы облыста жасақталған 314-санды атқыштар дивизиясы ұрыспен өткен жерлерге соғыс ардагерлерлерімен бірге мұрағат қызметкерлері де барып, фотосуреттер, дыбыс жазбалар алып келді. Солардың негізінда «Отанға адалдық» деген альбом жасалып, 300 дана болып басылды. Кезінде бұл альбомды облыс басшылығы мен қоғам өкілдері жоғары бағалады. Кейін оқу орындарына таратылып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу құралы болған мұндай еңбек мұрағатшылардың біліктілігінің нәтижесі еді. Сондай-ақ, мұрағат қызметкерлері СССР Қорғаныс Министрлігінің Подольск қаласындағы мұрағатында болып, 314-дивизияның тарихын «Свирьден Эльбаға дейін» деген атпен кітапша етіп шығарды.

ХХ ғасырдың 70-80 жылдары мұрағат мекемелерінің құрылымында бірқатар өзгерістер болды.
90-шы жылдары Кеңес өкіметі күйреп, Қазақстан Тәуелсіздік алуына байланысты мұрағат саласында түбегейлі өзгерістер орын алуы заңды еді. 1991 жылы Қазақстан Компартиясы өз қызметін тоқтатуына байланысты облыстық партия комитетінің мұрағаты мемлекеттік мұрағат жүйесіне қосылды да, 1991 жылғы 10 қарашадан бастап, «Облыстық мұрағаттың Петропавл филиалы»-деп атала бастады. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымын одан әрі жетілдіру туралы» 1997 жылғы 3 мамырдағы Жарлығы бойынша және Көкшетау облысының тарауына байланысты таратылған облыстың барлық мұрағат мекемелері Солтүстік Қазақстан облысының құрамына енді де, бұрынғы Көкшетау мемлекеттік мұрағаты Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының филиалы болып қалды. Ал, 1999 жылы орталығы Көкшетау қаласы болып, Ақмола облысы құрылғанда, облыстық мұрағаттың Көкшетау филиалы мен Еңбекшілдер, Зеренді, Щучье аудандық мұрағаттары жаңа облысқа берілді. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің 1999 жылғы 11 қарашадағы қаулысымен мұрағат бөлімі мен облыстық мұрағат біріктіріліп, «Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағаты» мемлекеттік мекемесі болды да, бұрынғы екі мекеменің міндетін атқарып келді.

2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап, «Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағаттар және құжаттамалар» бөлімі құрылып, оған мониторинг, үйлестіру және облыста құжат айналымы мен мемлекеттік саясатты жүргізу пәрмені берілді.

2002 жылдың қаңтарында облыстық мемлекеттік мұрағаттан бөлініп, жеке құрам бойынша Петропавл қалалық мұрағаты құрылды.

Бұл күнде Солтүстік Қазақстан облысының мұрағат саласының құрамында: СҚО мұрағаттар және құжаттамалар бөлімі, облыстық мемлекеттік мұрағат, жеке құрам бойынша Петропавл қалалық мұрағаты мен 13 аудандық мұрағат бар. Облыста бұлардан басқа 923 ведомстволық мұрағат жұмыс істейді.

2013 жылы 1 қазанда облыстың мұрағат мекемелерінде 1855-2010 жылдар аралығын қамтитын, 4719 қорға біріккен, 1440679 бірлік іс сақталып отыр.

Солтүстік аймақтағы мұрағат қызметін 1924-1927 жылдары 3 қызметкер: меңгеруші, мұрағатшы және іс жүргізуші атқарған.

Қазір, облыстың мұрағат жүйесінде 186  дам істейді, бұлардың басшылары мен мамандары 121, біреуінің ғылым кандидаты атағы бар.

СҚО мұрағаттарының құжаттары «Солтүстік Қазақстан облысы мен аудандарының бірінші басшылары», Ғ. Мүсіреповтің туғанына 110 толуына арнап «Ғ. Мүсірепов. Данадан қалған рухани дүние», «Солтүстікқазақстандық Еңбек Ерлері» т.б. кітаптарға арқау болды.
Жыл сайын «Айтулы және ескерілетін күндердің тізбесі» шығып тұрады. Бұл басылымдарда еліміздің және өлкеміздің тарихында із қалдырған елеулі оқиғалар, атақты адамдарды еске алу күндері туралы ғылыми-танымдық мағлұматтар беріледі.

Мемлекеттік мұрағат құжаттары мен материалдар бойынша республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар көрмелер, дәрістер мен экскурсиялар, «дөңгелек үстелдер» өткізіліп тұрады. Мұрағат қызметкерлері мерзімді баспасөз, телевизия мен радио арқылы жұртшылықты мұрағат байлығымен таныстырып отырады.

Облыс әкімінің орынбасшысының қатысуымен Абылай ханның 300 жасқа толуына арналған «Тәуелсіздік туын көтерген Абылай хан», Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына орай «Жүрегі таза, ойы азат» көрмелерінің тұсау кесулері өтті. Абылай ханның 300 жасқа толуына арналған көрмені Қорған облысының губернаторы бастаған делегация көріп, Ресей империясының сыртқы саясат мұрағаты, Ресей мемлекеттік көне құжаттар мұрағаты, Орынбор облыстық мемлекеттік мұрағаты, Омбы облысының тарихи мұрағаты, Ресей мемлекеттік тарихи мұрағаты (Санк-Петербург қ.), Қазақстан Республикасының Орталық мұрағатынан әкелінген құжаттардың көшірмесімен танысып, ұлы ханның қызметіне тәнті болды.

«Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 15 жылдығы құрметіне «Мұрағат- тарих айнасы» атты жас мұрағатшылар байқауында (Астана қ. 2013 ж.) Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағат қызметкерлері кәсіби біліктілігі мен шығармашылығы үшін Екінші жүлделі орынға ие болды.

Облыс мұрағат қызметкерлері жеке адамдардың сұрауы бойынша көптеген анықтамалар дайындап, келушілердің алғысына бөленіп келеді.

Солтүстік Қазақстан мұрағатшылары Отан тарихының қазынасы, өлке шежіресінің сарқылмас кені болып табылатын, өткен шақтан қалған қымбат мұраны көздің қарашығындай сақтап, реттеп және зерттеп, келесі ұрпаққа жеткізетін өздерінің қиын да қызықты қызметін мақтан етеді.

Бөлісу